Автомобильдердің әр буыны мен олардың иелері арқылы баяндалған бір модельдің тарихы.

Әрбір аңызға айналған автомобильдің өзіндік тарихы бар. Алайда олардың барлығының тарихын ондаған жылдар бойы сол модельдің даму жолымен бірге келе жатқан адамдар арқылы баяндау мүмкін емес.
Audi Kazakhstan Алматы мен Астанада жаңа буындағы Audi A6 моделін таныстырып, екі премьераның негізгі тақырыбы ретінде модельдің тарихи мұрасына ерекше мән берді. 5 және 12 маусымда өткен таныстырылымдар автомобиль индустриясының өкілдерін, журналистерді, блогерлерді, серіктестерді және брендтің жанкүйерлерін біріктірді.

Іс-шара тұжырымдамасының негізінде ұрпақтар сабақтастығы идеясы жатты. Audi A6 тарихы тоғыз буын арқылы көрсетілді: 1968 жылы модельдің қалыптасу жолын бастаған Audi 100 C1-ден бастап, мүлде жаңа Audi A6-ға дейін. Әртүрлі дәуірге тиесілі автомобильдер бір экспозицияға біріктіріліп, дизайн тілінің, инженерлік ойдың және жайлылық туралы түсініктің қалай дамығанын айқын көрсетті.

Алайда бұл тарихтың басты кейіпкерлері тек автомобильдер ғана емес, олардың иелері де болды.
Әр буын Audi-ді өз өмірінің бір бөлшегіне айналдырған адамдардың арқасында өзіндік үнге ие болды. Олардың естеліктері, автомобильді пайдалану тәжірибесі және брендке деген ұзақ жылғы адалдығы техникалық сипаттамалардың ешбір тізімі жеткізе алмайтын құндылықтарды ашып көрсетті: автомобильдің эмоциялық мәнін, уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын қасиетін және адам мен бренд арасындағы ерекше байланысты.

Дәл осы оқиғалар экспозицияға терең мазмұн берді. Автомобиль иелерінің жеке тәжірибесі арқылы модельдің тарихы инженерлік жетістіктердің хронологиясы болудан шығып, сенім, таңдау және құндылықтар сабақтастығы туралы тұтас баяндауға айналды.
Осының аясында жаңа Audi A6 премьерасы ерекше мәнге ие болды. Жаңа модель жеке дара жаңалық ретінде емес, әр буыны брендтің өзіндік болмысын сақтай отырып, оны өз дәуірінің талаптарына сай жаңаша пайымдаған көпжылдық дамудың заңды жалғасы ретінде көрініс тапты.

Астанадағы таныстырылымның да маңызы ерекше болды. Құрметті қонақтардың қатарында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісінің тұрақты орынбасары Ульрих Кинне болды. Оның қатысуы іс-шараның мәдени мәнін және неміс автомобиль жасау мұрасы мен қазақстандық аудитория арасындағы байланысты айқындай түсті.
Екі премьера да Audi A6 моделіне дәстүрлі автомобиль таныстырылымының шеңберінен шығып, кеңірек көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Жаңа модель туралы жеке баяндаудың орнына Audi Kazakhstan өткен мен бүгінді дизайн, технологиялар және адам тәжірибесі арқылы тоғыстырған біртұтас тарих ұсынды.
Audi A6 тарихы жалғасуда. Ал оның келесі тарауы Қазақстанда басталады.